- Бір құдайға сиынып,
- Кел, балалар, оқылық,
- Оқығанды көңілге
- Ықыласпен тоқылық.
- Істің болар қайыры
- Бастасаңыз алдалап,
- Оқымаған жүреді
- Қараңғыны қармалап.
- Кел, балалар, оқылық,
- Оқығанды көңілге
- Ықыласпен тоқылық.
- Оқысаңыз, балалар,
- Шамнан шырақ жағылар,
- Тілегенің алдыңнан
- Іздемей-ақ табылар.
- Кел, балалар, оқылық,
- Оқығанды көңілге
- Ықыласпен тоқылық.
- Мал дәулеттің байлығы,
- Бір жұтасаң жоқ болар,
- Оқымыстың байлығы,
- Күннен-күнге көп болар,
- Еш жұтамақ жоқ болар.
- Кел, балалар, оқылық,
- Оқығанды көңілге
- Ықыласпен тоқылық.
- Сиса көйлек үстіңде
- Тоқуменен табылған,
- Сауысқанның тамағы
- Шоқуменен табылған,
- Өнер-білім бәрі де
- Оқуменен табылған.
- Кел, балалар, оқылық,
- Оқығанды көңілге
- Ықыласпен тоқылық.
- Надандықтың белгісі —
- Еш ақылға жарымас.
- Жайылып жүрген айуандай
- Ақ, қараны танымас.
- Аяңшыл ат арымас,
- Білім деген қарымас,
- Жөн білмеген наданға
- Қыдыр ата дарымас.
- Кел, балалар, оқылық,
- Оқығанды көңілге
- Ықыласпен тоқылық.
- Оқу деген — шыны еді,
- Тұрған сайын шыныққан,
- Оқу білген адамдар
- Май тамызған қылыштан.
- Білмегенді білуге
- Есті бала тырысқан,
- Есер бала ұрысқан.
- Кел, балалар, оқылық,
- Оқығанды көңілге
- Ықыласпен тоқылық.
- Әлпештеген ата-ана
- Қартаятын күн болар.
- Қартайғанда жабығып,
- Мал таятын күн болар.
- Ата-енең қартайса,
- Тіреу болар бұл оқу,
- Қартайғанда мал тайса
- Сүйеу болар бұл оқу.
- Кел, балалар, оқылық,
- Оқығанды көңілге
- Ықыласпен тоқылық.
- Оқу білген таниды
- Бір жаратқан құдайды,
- Танымаған құдайды
- Не қылғанда ұнайды?
- Шырағым, абай болғай деп,
- Ата-енең жылайды,
- Баладан қайыр болмаса,
- Баланы неге сұрайды?