Шортанбай Қанайұлы
Өлең
Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан насихат сөздері
- Мінеді ғаділ патша алтын таққа,
- Иман бермей қалмайды көңілі аққа.
- Шортанбай өзі тірі заманында
- Сапар шегіп барып қайтты Семей жаққа.
- Құдайдың, ойлап тұрсам, қаһары қатты,
- Тірлікте пенденің жаны тәтті.
- Бір күні кеш боп кетіп ел таба алмай,
- Далаға мейман болып қонып жатты.
- Жатқанда екі кісі түсіме енді,
- Қасыма түсі суық кісі келді.
- Кісінің сипатынан қорыққаннан:
- «Жаһанда мен көрмеген киме?» — деді.
- «Өлгенде имансыз құл жолда қалған,
- Мен — Ғазрайыл, пенденің жанын алған.
- Шүкір қыл иман айтып, Шортанбайы,
- Құдайдан жетті бұйрық, келді саған».
- Екенін періштелер көңілім білді,
- Дем алғызбай кеудеме келіп мінді.
- Қолында күр бар, түсі суық,
- Жаныма бір шыбындай қысым қылды.
- Келтірдім сонда тұрып сұбхан Алла,
- Мен білдім жүрмесі бұл жаһанда.
- Көнбеске, құдайыма шарам бар ма?
- «Беруге бір күн рұқсат аял бар ма?»
- Түсіме періштелер кіре берді,
- Үстімнен сол сөзбенен түрегелді,
- «Ажалың ертең кешке болады», —
- деп, Бір күнге аял беріп жүре берді.
- Өзімді келтірейін сөз басына,
- Қатты қиын ісім бар өз басымда.
- Ұйықтап жатқан жерімнен оятып ап,
- Тағы да бір сөз айттым жолдасыма.
- Амал жоқ, енді жүрдік, күн-түн қатып,
- Жәкеме кетейін деп арыз айтып,
- Жәкеме қатын-бала тапсырайын,
- Келген бе өлген адам тірі қайтып?
- Өлімге жақын болды менің басым,
- Бір Алла ақыретте жарылқасын!
- Жалғаннан ақыретке көшпек болдым,
- Кеше гөр, үш жолдасым, жолдас атын.
- Таң ата Жан құтты енді келдім,
- Сөйлес деп, тыста тұрып хабар бердім.
- Келген соң ажал жақын амал бар ма,
- Белгілі жүйрігі едім тамам елдің.
- Семейден торт ат алдым бес жүз теңге,
- Тоймады екі көзім бұл жалғанға.
- Көрмедім қатын-балам өз үйімде,
- Мен көштім бұ дүниеден боп арманда.
- Үйінен Жөкем шықты түске таман,
- Айтыстым сәлемнен соң есен-аман,
- Алладан ажал жақын келді білем,
- Келмеді сөйлесуге енді шамам.
- * * *
- Арқаның жазы бейішті,
- Жылқының еті жемісті.
- Жағаласқан дұшпаннан
- Көрерсің, қазақ, кейісті.
- Құранда жазған тіл бар ма,
- Жүр-жүрлеп алар жүрісті,
- Күннен-күнге тарылтып,
- Заманақыр кезінде
- Ұл сыйламас атасын.
- Арам сідік болған соң,
- Атасы бермес батасын.
- Қазы, болыс қойыпты
- Некесіз туған шатасын.
- Өзі қылған өкінбес,
- Күнінде содан тартарсың,
- Абақтыға жатарсың.
- Қыз сыйламас енесін,
- Арттым деп егесіп.
- Салыстырар денесін
- Пысық сынған немесі.
- Көзіңді ойып барады,
- Күнде тесіп төбесін.
- Ақсақалдан әл кетті,
- Болмаса тәңірім демесін.
- Азаматтар, әлеумет,
- Мұның несін сөгесің?!
- Жас сыйламас ағасын,
- Алып жыртты - ау жағасын!
- Зар заманның сөзі осы,
- Тыңдасын мұны құлағың.
- Абылай ханның тұсында
- Сотқар еді бұл орыс,
- Арбасын артып оң қылған,
- Отын сатып пұл қылған,
- Есіл менен Нұраның
- Екі жағын жол қылған.
- Ертістің басы қара дөң,
- Еңкейе біткен қара адыр.
- Арқа деген құба жон,
- Аядай біткен көл екен.
- Атты кердең естіріп
- Арқаның тарлау шөбі екен,
- Жігітті кердең өсірген
- Ат пенен малдың демі екен.
- Ұрлық қылып мал жиды,
- Өтірік сөйлеп жан жиды,
- Ойлап тұрсам, жігіттер,
- Не қылса құдай еп екен!