- Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
- Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.
- Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
- Кім көңілді көтеріп, болады ермек?
- Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
- Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
- Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
- Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
- Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек,
- Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
- Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
- Еріншек ездігінен көпке көнбек.
- Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
- Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
- Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
- Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.
- Адамзат тірілікті дәулет білмек,
- Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
- Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,
- Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?
- Наданға арам – ақылды құлаққа ілмек,
- Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
- Рас сөздің кім білер қасиетін,
- Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.
- Қызыл арай, ақ күміс, алтын бергек
- Қызықты ертегіге көтерілмек.
- Ақсақалдың, әкенің, білімдінің,
- Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.
- Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
- Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
- Таразы да, қазы да өз бойында,
- Наданның сүйенгені – көппен дүрмек.
- Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
- Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.
- Бір-екі жолы болған кісі көрсе,
- Құдай сүйіп жаратқан осы демек.
- Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,
- Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
- Өзімнің иттігімнен болды демей,
- Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
- Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
- Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
- Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,
- Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?
- Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
- Адалдық, арамдықты кім теңгермек?
- Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
- Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.